Батыс Қазақстан облысы 1932 жылы 10 наурызда Орал облысы болып құрылған. 1996
жылдан Батыс Қазақстан облысы болып аталады. Əкімшілік жағынан Батыс Қазақстан
облысы 12 ауылдық, 1 қалалық əкімшілік ауданға, олар 4 кенттік жəне 155 ауылдық
əкімшілік округтерге бөлінген. Орталығы – Орал қаласы. Қалалары: Орал, Ақсай; ірі
кенттері: Бөрілі, Деркөл, Зачаганск, Круглоозерное, Чапаев.
Облыста ұзындығы 100 км-ден асатын 14 өзен бар. Бастысы – Жайық өзені, ол
солтүстік-шығыстан оңтүстікке қарай ағады. Оның облыс жеріндегі ұзындығы 500 км-
ге созылған. Жайыққа облыс аумағында Емболат, Шаған, Деркөл, Елек, Шыңғырлау,
Барбастау өзендері құяды. Батыс Қазақстан облысы аумағында 140-тан астам көл бар.
Суы тұщы, маңызды көлдері: Қамысты, Самар, т.б.
Батыс Қазақстан облысының экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі басым.
Мұнда астық егу, жайылымдық мал шаруашылығы, етті-сүтті сиыр өсіру жолға
қойылған. Облыста мұнай, газ өндіру, металл өңдеу жəне машина жасау, тамақ жəне
жеңіл өнеркəсіп, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу,
халыққа тұрмыстық қызмет көрсету, т.б. салалар жақсы дамыған. Ірі өндірістерден
Қарашығанақ газ-конденсат комбинаты, «Металлист», «Зенит», «Металл өңдеу»,
«Омега» зауыттары, т.б. кəсіпорындар жұмыс істейді.
Облыстың жер қойнауы мұнайға, əсіресе, газға мейлінше бай. Мұнда Қазақстандағы
зерттелген газ қорының 90 %-дан астамы шоғырланған (Қарашығанақ газ конденсаты
кен орны).