Қазақта егін шаруашылығы қашаннан
бар. Мысалы, ежелгі Сауран, Отырар, Тараз
қалаларының маңайында ескі арықтардың
ізі əлі күнге дейін байқалады. Бұл –
Қазақстанда егін шаруашылығының ертеден
дамығандығының дəлелі.
Суы мол Сыр өңірі, Жетісу, Есіл, Ертіс,
Жайық бойларын мекендеген халық егін
шаруашылығымен көбірек айналысқан.
Қазақтың егетіні, негізінен, дəнді дақыл,
аздап бақша өсімдіктері болды. Егін егу
жерді суландырумен қатар жүретін. Жерді
суландыру – өзеннен түрлі арықтар арқылы
суды егіндікке жеткізу əдісі. Ол үшін
егіндіктің жоғары тұсынан суды егіндікке
бұру мақсатымен үлкен арық қазылады.
Жерді түйе, кейде екі жылқы немесе қос өгіз жеккен соқамен жыртқан.
Егінші қазақтың ертеден өсірген дақылының бірі – тары. Оңтүстік Қазақстан, Сыр
бойындағы қазақтардың егетін тағы бір дақылы – күріш (салы). Сондай-ақ қазақ
даласында жүгері, арпа, сұлы өсірілген. Оларды, негізінен, малға берген, сабақтарын
бастырып сабан жасаған, қажетіне қарай өздері азық ретінде пайдаланған. Сабанды
балшыққа араластырып илеп, одан қам кірпіш (күйдірілмеген) жасап, қыстау, қора-
қопсы салған.
Жер өңдеуді кəсіп еткен қазақ су диірменін ойлап тапқан. Бұл – ағын судың
күшімен жұмыс істейтін күрделі құрылыс. Мұның негізгі тетігі – екі диірмен тасы.
Олар дөңгелек пішінде тегістеле қашалады, ортасын теседі. Тегіс беттерін бір-
біріне қабыстыра, бірінің үстіне бірі орнатылады. Судың күшімен үстіндегі тас
дөңгеленгенде, ортасындағы тесіктен бидай салынып, шеттерінен ұн болып шығады.
Қазақтың «қол диірмені» де осы шартқа негізделген. Бірақ қол диірмен – көшпелі
қазақтардың аспабы.
Отырықшы шаруалар тек дəнді дақыл егумен шектелген жоқ, олар бау-бақшамен де
айналысты. Алма, алмұрт, жүзім, өрік, шие, жиде, шабдалы – Қазақстанның оңтүстігінде
ертеден өсетін жеміс ағаштары. Пияз, сəбіз, қызыл бұрыш, асқабақ, қияр, қызан, қауын,
қарбыз – қазақтың ежелден тағамға пайдаланып келген көкөніс-жидектері.